Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай Төрағасы Айбек Дәдебайды қабылдады. Кездесу барысында Құрылтай жұмысының қазіргі нәтижелері, «Әділет» партиясының қызметі және заңнамалық бастамалардың іске асырылу барысы талқыланды.
Айбек Дәдебай Мемлекет басшысына депутаттардың 18 заң қабылдағанын, қазіргі уақытта 38 заң жобасы қаралып жатқанын баяндады. Құрылтайдың бірінші сессиясының ашылуында және Қазақстан халқына Жолдауында Президент айқындаған міндеттерді заңнамалық тұрғыдан іске асыруға басымдық беріліп отыр.
Қазіргі уақытта жаңа Азаматтық кодекс әзірленуде. Сонымен қатар балалардың құқықтарын қорғау, педагогтер мен медицина қызметкерлерін қолдау және басқа да әлеуметтік маңызы бар бағыттар бойынша заңнамалық бастамалар пысықталуда.
Сондай-ақ 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет қабылданды. Депутаттардың бастамасымен өңірлердегі 52 инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыру үшін қосымша 47 млрд теңге қарастырылды. Бұл қаражат жылу, электр, газ және сумен жабдықтау жүйелерін жаңғыртуға, сондай-ақ әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталады.
Кездесу барысында қабылданған заңдардың орындалуына парламенттік бақылауды күшейту шаралары да таныстырылды. Атап айтқанда, заңдардың іс жүзінде қолданылу тиімділігі мен қабылданған шешімдердің нәтижесін бағалауға арналған заңнамалық мониторинг жүргізу қағидалары бекітілді.
Бұдан бөлек, заң жобаларын талдау, құқықтық қайшылықтар мен ықтимал тәуекелдерді анықтау мақсатында e-Quryltai жүйесі мен жасанды интеллект технологияларын енгізу жұмыстары жалғасуда.
Мемлекет басшысына Құрылтайдың қоғамдық қабылдауы және e-Otinish жүйесі арқылы халықпен кері байланысты нығайту бағытындағы жұмыстар туралы да айтылды. Азаматтар көтерген мәселелер заңнамалық бастамаларды әзірлеу кезінде ескеріледі. Сессия басталғалы бері өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша 111 депутаттық сауал жолданған.
Айбек Дәдебай сарапшылармен, қоғамдық ұйымдармен, өңірлердегі және халықаралық серіктестермен байланыс нығайып келе жатқанын жеткізді. Мәслихаттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес құрылып, ЮНИСЕФ-пен балалардың құқықтарын қорғау мәселесі бойынша ынтымақтастық орнатылды.
Сонымен қатар Женева қаласында өткен Парламентаралық одақ алаңында жасанды интеллект технологияларына негізделген AI-Quryltai парламенттік платформасы таныстырылды.
Главный редактор: Мадина Жатканбаева
+7 777 471 71 40
777kakon@mail.ru
© Свидетельство о постановке на учет периодического печатного издания, информационного агентства и сетевого издания №KZ15VPY00079493 выдано 19.10.2023