Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасеновті қабылдады. Кездесу барысында ұлттық компанияның 2026 жылдың алғашқы он айындағы қызметінің нәтижелері баяндалды.
Асхат Хасеновтің айтуынша, бүгінде «ҚазМұнайГаз» капиталы 22 трлн теңгені құрайды. Компанияның қаржылық жағдайы тұрақты және жалпы сомасы 16,7 трлн теңге болатын ауқымды инвестициялық жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді.
Компания 2026–2030 жылдарға арналған геологиялық барлау жұмыстарының бағдарламасын қабылдады. Бағдарлама аясында 23 жобаны іске асыру, 60 мың шақырым көлемінде сейсмикалық барлау жүргізу және жалпы геологиялық ресурстық әлеуеті 4,7 млрд тонна шартты отынға тең 26 іздестіру-барлау ұңғымасын бұрғылау көзделген.
Сонымен қатар «ҚазМұнайГаз» қолданыстағы активтерде қосымша барлау жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп келеді. Атырау облысында Батыс Қарасор, ал Маңғыстау облысында Қаражанбастың Жағалау аймағы кен орындарын игеру басталды. Кен орындарының цифрлық телнұсқаларын жасанды интеллект көмегімен енгізу жұмыстары да қолға алынған.
Кездесу барысында тауарлық газ өндіру көлемін қысқа мерзімде 2,6 млрд текше метрден 4,5 млрд текше метрге дейін ұлғайтуға бағытталған инвестициялық жобалар туралы мәлімет берілді. Қазіргі уақытта Атырау, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында газ нысандарының құрылысы жүріп жатыр. Қосымша экспорт бағыттарын дамыту жұмыстары жалғасуда.
Есепті кезеңде отандық мұнай өңдеу зауыттарында 14,9 млн тонна мұнай өңделді. Жыл қорытындысы бойынша жеңіл мұнай өнімдерінің көлемі былтырғымен салыстырғанда 800 мың тоннаға артқан.
Бұдан бөлек, Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуатын 12 млн тоннаға дейін, ал Павлодар мұнай-химия зауытының қуатын жылына 6 млн тоннадан 9 млн тоннаға дейін ұлғайту жұмыстары қолға алынды.
Асхат Хасенов Атырау облысындағы ірі мұнай-газ химиясы жобаларының, атап айтқанда полиэтилен өндірісі мен газ сепарациялау кешені құрылысының барысын да таныстырды.
Сондай-ақ өңірлерде жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік жобаларға ерекше назар аударылды. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында «ҚазМұнайГаз» қызметкерлері жыл басынан бері 386 мың ағаш отырғызған.
Кездесу қорытындысында Мемлекет басшысы геологиялық барлау және инвестициялық жобаларды іске асыру бағыттарындағы жүйелі жұмысты жалғастыруды тапсырды.
Главный редактор: Мадина Жатканбаева
+7 777 471 71 40
777kakon@mail.ru
© Свидетельство о постановке на учет периодического печатного издания, информационного агентства и сетевого издания №KZ15VPY00079493 выдано 19.10.2023