Биыл елімізде туристік бизнесті қолдауға, кәсіпкерлердің жұмысын жеңілдетуге және әкімшілік кедергілерді азайтуға бағытталған бірқатар заңнамалық өзгеріс қабылданды. Бұл туралы ОКҚ алаңында ҚР туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәлімдеді. Атап айтқанда, туристік автобустар үшін мемлекеттік шекарадан ұйымдасқан топтардың өтуін жеңілдететін «жасыл дәліз» тетігі енгізілді. Сондай-ақ туристік визит-орталықтар мен ақпараттық орталықтардың қызметі реттелді.
«Гидтерге, экскурсия жетекшілері мен туризм нұсқаушыларына қойылатын талаптар жаңартылды. Олардың қызмет түрлері экономикалық қызмет түрлерінің жіктеуішіне енгізілді. Сонымен қатар 18 жасқа дейінгі балалар ұлттық парктерге тегін кіре алады», – деді спикер баспасөз конференциясында.
Бұдан бөлек, ұлттық парктердің жер учаскелерін ұзақ мерзімге пайдалану мерзімі 25 жылдан 49 жылға дейін ұзартылды. Бұл инвесторларға туристік нысандарды салу мен пайдалануды ұзақ мерзімге жоспарлауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Туризмді дамыту тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары жаңартылып, негізгі бағыт бойынша 66 іс-шара бекітілді. Олар инфрақұрылымды дамыту, инвестиция тарту, визалық саясатты жетілдіру, жаңа туристік өнімдер әзірлеу, Қазақстанды халықаралық нарықта ілгерілету және білікті мамандар даярлауды қамтиды.
Главный редактор: Мадина Жатканбаева
+7 777 471 71 40
777kakon@mail.ru
© Свидетельство о постановке на учет периодического печатного издания, информационного агентства и сетевого издания №KZ15VPY00079493 выдано 19.10.2023