Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында отандық тауарларды қолдау және ілгерілету мәселелері қаралды. Жиында сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев, өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Қанат Шарлапаев және Сауда желілері одағы басқарма төрағасының орынбасары Эльбеги Абдиев, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан, Қарағанды және Жамбыл облыстарының әкімдері ішкі нарықты отандық өніммен қамту, өңдеу өнеркәсібін дамыту және өткізу нарықтарын кеңейту бойынша баяндама жасады, деп хабарлайды Primeminister.kz.
Олжас Бектенов Мемлекет басшысы отандық өндірістің өсуі үшін қолайлы жағдай жасау міндетін қойғанын атап өтті. Ішкі нарықта қазақстандық өнімнің үлесін арттыру жергілікті өндірістің дамуына серпін беріп, кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін күшейтеді әрі ел экономикасын нығайтуға ықпал етеді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде отандық өндірушілерді қолдаудың негізгі тетіктері іске қосылды. Ұлттық және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру барысында тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде қазақстандық кәсіпорындарға басымдық беріледі. Салықтық және мемлекеттік қолдаудың өзге де шаралары жаңа өндірістерді іске қосып, қолданыстағы өндірістердің қуатын кеңейтуге қолайлы жағдай жасап отыр.
Мемлекеттік қолдау шараларына жедел қол жеткізіп, тауарлардың жергілікті шығу тегін растау мақсатында Отандық өндірушілердің тізілімі жасалды. Ол мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алу рәсімдері кезінде адал кәсіпкерлерге басымдық берілуін қамтамасыз етеді.
Биыл іске қосылған Ұлттық тауарлар каталогі тауарларды нақты уақыт режимінде қадағалауға мүмкіндік беретін бірыңғай цифрлық жүйенің негізін қалады.
«Қабылданып жатқан шаралардың барлығы бәсекеге қабілетті отандық өндірісті құруға және дамытуға бағытталған. Субсидиялардан бастап, тауарларды әлемдік нарыққа ілгерілетуге дейінгі мұндай тәсілді әлемнің барлық дамыған экономикалары қолданады. Біз де осы саясатты ұстанамыз. Өйткені оның нақты нәтижесін көріп отырмыз. Атап айтқанда, Қазақстан бүгінде ішкі нарықты негізгі азық-түлік тауарларымен толық қамтамасыз етеді. Бірінші жартыжылдықта өндіріс көлемі шамамен 10%-ға өсті. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты да тұрақты өсіп келеді. Бұған экономика салаларын кешенді мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде қол жеткіздік», – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Сонымен қатар Премьер-министр ендігі міндет – ішкі нарықты отандық өніммен толықтыруды жалғастырып, өткізу нарықтарын кеңейту және қазақстандық тауарларды сыртқы нарықтарда неғұрлым белсенді ілгерілетудің маңызды екеніне назар аударды. «Қазақстанда жасалған» ұлттық таңбасы тұтынушылардың сенімі мен жоғары сапа белгісіне айналуы тиіс.
Отырыс қорытындысы бойынша Премьер-министр бірқатар тапсырма берді.
Главный редактор: Мадина Жатканбаева
+7 777 471 71 40
777kakon@mail.ru
© Свидетельство о постановке на учет периодического печатного издания, информационного агентства и сетевого издания №KZ15VPY00079493 выдано 19.10.2023