Медициналық көмек көрсетуге байланысты инфекциялар

Денсаулық сақтау саласының стратегиялық міндеті - медициналық көмек сапасын қамтамасыз ету және медициналық қызмет көрсететін ұйымдарда пациенттер мен медицина қызметкерлері үшін қауіпсіз орта қалыптастыру болып табылады.

Медициналық көмекті көрсетуге байланысты инфекциялар (бұдан әрі - МККБИ) бұл мәселенің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады, себебі олардың кең таралуы, пациенттер мен қызметкерлердің денсаулығына және мемлекеттің экономикасына тигізетін жағымсыз салдары бар.

2025 жылғы деректер бойынша Алматы қаласында МККБИ - дың 7 жағдайы тіркелді. Барлық 7 жағдай хирургиялық және терапиялық араласулардан кейін пайда болған.

Диагноздар бойынша бөлінуі келесідей:

  • сол жақ тізе буынының іріңді артриті;
  • оң жақ сүт безінің инъекциядан кейінгі абсцесі;
  • катетермен байланысты инфекция;
  • іріңді-некрозды флегмона;
  • іштің алдыңғы қабырғасындағы операциядан кейінгі жараның іріңдеуі;
  • басқа локализациядағы флегмона;
  • бөксе аймағындағы инъекциядан кейінгі абсцес.

Бактериологиялық зерттеулер нәтижесінде төмендегідей микроорганизмдер анықталды: мол өскен Staphylococcus aureus, Escherichia coli 10⁶, Enterococcus 10⁴.

МККБИ қатарына жатқызудың жалпы критерийі - пациентке қандай да бір медициналық көмек түрі көрсетілгеннен кейін пайда болған инфекциялық аурулар (стационарлық, амбулаторлық, үйде, күндізгі стационарда немесе медициналық ұйымнан тыс, әлеуметтік қызмет көрсету ұйымдарында, білім беру, санаторий-сауықтыру мекемелерінде және басқа да орындарда көрсетілген көмек). Сонымен қатар, медициналық қызметкерлердің кәсіби қызметі барысында инфекциялық аурумен ауруы да МККБИ болып саналады.

МККБИ қазіргі кезеңде бүкіл әлемде ерекше маңызды мәселе болып отыр, себебі олар орасан зор медициналық, әлеуметтік және экономикалық залал келтіреді. Инфекциялардың алдын алу және бақылау жөніндегі заманауи ғылыми негізделген тәсілдердің өзі ешбір елдің, ешбір денсаулық сақтау мекемесі МККБИ пайда болу қаупінен толықтай еркінмін деп айта алмайтынын көрсетіп отыр.

Кейбір пациенттер тобы ерекше осал болып келеді: жаңа туған сәбилер, қарт адамдар, ауыр аурулары және көптеген қатар жүретін аурулары бар науқастар, инвазивті және агрессивті медициналық араласулардан өтетіндер, ағза ауыстыру (трансплантация) жасалғандар және т.б.

Негізгі себептер мен қауіп факторлары:

  1. Инвазивті процедуралар - катетерлерді (зәр шығару, веноздық) орнату, интубация, операциялар, дренаждар.

  2. Асептика/антисептика талаптарын бұзу - қолды өңдеу, құралдарды стерилизациялау, бөлмелерді тазалау және т.б.

  3. Микробтық факторлар - антибиотикке төзімді штаммдардың болуы, микроорганизмдердің жоғары вируленттілігі.

  4. Пациенттің жағдайы - иммунитеттің әлсіреуі, созылмалы аурулар, жасы, мерзімінен бұрын туған сәбилер.

  5. Стационарлық орта мен медициналық көмекті ұйымдастыру - ауруханалардың шамадан тыс жүктемесі, күтім сапасы, персоналдың біліктілігі, инфекциялық бақылау.

Алдын алу шаралары:

  1. Эпидемиологиялық қадағалау және тіркеу жүйелері - нақты және стандартталған рәсімдер, барлық МККБИ жағдайларын міндетті түрде тіркеу.

  2. Асептикалық ережелердің сақталуын бақылау - қолды өңдеу, құралдарды стерилизациялау/дезинфекциялау, операциялық және процедуралық бөлмелерді дұрыс өңдеу.

  3. Антибиотиктерді ұтымды пайдалану - антимикробтық саясат, қажетсіз қолданудан аулақ болу, төзімділікті бақылау.

  4. Персоналды оқыту - инфекциялық қауіпсіздік бойынша тұрақты тренингтер мен біліктілікті арттыру.

  5. Медициналық құрылғылар мен процедураларды бақылау - катетерлер, жасанды тыныс алу аппараттары, дренаждар және т.б., инфекция қаупін азайту үшін.

  6. Ауруханалардағы инфрақұрылым мен жағдайлар - дұрыс желдету, сапалы су, санитарлық-гигиеналық жағдай, қажет болған жағдайда оқшаулау.

  7. Пациенттер мен отбасы мүшелерін тарту - ақпараттандыру, күтімге қатысу, ұсыныстарды сақтау.

Медициналық көмекті көрсетуге байланысты инфекциялар пациенттердің денсаулығына және денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігіне елеулі қауіп төндіреді. Бұл қатерді толық жою мүмкін болмаса да, санитарлық талаптарды сақтау, инфекциялық қауіпсіздікті бақылау, антибиотиктерді ұтымды пайдалану және медицина қызметкерлерін оқыту МККБИ деңгейін айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді.

Инфекциялардың алдын алуда кешенді көзқарас пен медицина саласындағы барлық мамандардың бірлескен әрекеті аурушаңдықты азайтып, медициналық көмектің сапасын арттырудың негізгі жолы болып табылады.

Спикер - Қалықова Әсел Тоқанқызы Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары

161
Контакты

Главный редактор: Мадина Жатканбаева

+7 777 471 71 40

777kakon@mail.ru

Мы в социальных сетях

© Свидетельство о постановке на учет периодического печатного издания, информационного агентства и сетевого издания №KZ15VPY00079493 выдано 19.10.2023