Күл ауруы - күл бактерияларымен шақырылатын, көп жағдайда ауа-тамшылы жолмен берілетін, ауыз және мұрын-жұтқыншақ шырышты қабықтарының жиі қабынуымен, сонымен қатар ағзаның жалпы улану құбылыстарымен сипатталатын жедел жұқпалы ауру.
Инкубациялық кезең бірнеше сағаттан 7-10 күнге дейін, жиі 2-5 күнді құрайды. Күл ауруын күлмен ауыратын науқас адамнан немесе сау бактерия тасымалдаушыдан жұқтыру мүмкін. Күл ауруымен тек адамдар ауырады, ауруды үй немесе жабайы жануарлардан, құстардан жұқтыру мүмкін емес.
Жұғу жолдары:
ауа-тамшылы (жөтелгенде, түшкіргенде);
тұрмыстық-қатынас (науқаспен қатар қолданған заттар арқылы);
тағам арқылы сирек жағдайда (зақымдалған азық-түлік арқылы).
Күл ауруының көрінуі әр түрлі және орнығу үрдісіне байланысты. Ауру жоғарғы тыныс жолдарын (көп жағдайда), сондай ақ теріні, көзді, жыныс мүшелерін зақымдайды. Жоғарғы тыныс ағзалары қабынған науқастардан жұғу қаупі жоғары, өйткені науқас дем шығарған ауамен бірге күл таяқшаларында ауаға таратады.
Күл ауруына келесі симптомдар тән: дене температурасының 38-39С дейін көтерілуі, тамақтың қызаруы, жұтқанда ауырсыну, таңдай бадамшаларының үлкеюі, жұмсақ таңдайда былғанышты-ақ қабықтар пайда болуы, мойын лимфатүйіндерінің үлкеюі, тері жабындыларының бозаруы. Күл ауруына тән белгілердің бірі - науқас баланың аузынан тәтті иістің шығуы.
Күл ауруы бірқатар ауыр асқынулармен жүреді. Олар кез-келген орныққан үрдісте болуы мүмкін. Күл ауруының асқынуларына - жүрек-тамырлық, бүйректік, неврологиялық, ми ісігі, пневмониялар жатады. Дифтериядан сақтанудың жалғыз тиімді жолы – вакцинация. Күл ауруына қарсы профилактикалық екпелер инъекция санын азайтатын, бір дозада 6 вакцинаның компонентін біріктіре алатын комбинирленген «Гексаксим» (күл ауруына, сіреспеге, көкжөтелге, гемофилдік жұқпаға, В вирустық гепатитке және полиомиелитке қарсы) және «Пентаксим» (күл ауруына, сіреспеге, көкжөтелге, гемофилдік жұқпаға және полиомиелитке қарсы) секілді АбКДС вакцинасымен жүргізіледі. Ұлттық екпе күнтізбесіне сәйкес күл ауруына қарсы вакцинация балаларға 2, 3, 4 айлықтарында, ревакцинация 18 айлығында, 6 жаста, АДС-М вакцинациясы 16 жаста және одан кейін әр 10 жыл сайын ересектерге вакцинация жүргізіледі.
Қазіргі кезде ересектер арасындағы вакцинация ерекше маңызды. Ересектер арасында бірінші кезекте вакцинация қажет қауіп-қатер тобына – медицина қызметкерлері, медбикелер, балалар ұжымындағы жұмысшылар, мұғалімдер және мектеп пен бала-бақша жұмысшылары, қоғамдық тамақтану және қызмет ету ортасындағы жұмысшылар жатады. Сонымен қатар, күл ауруымен ауырып болған тұлғалар да екпе алуға жатады. Емдік мақсатта вакцинациядан бөлек арнайы күл ауруына қарсы сарысу қолданылады. Емдеу барысында стационарда науқасты аурудың күрделігіне байланысты белгілі мерзімге оқшаулайды. Аурудың өршуіне жол бермеу үшін иммунитет жоғары болуы тиіс, сондықтан үй диетасында дәрумендер, пайдалы минералдар және микроэлементтер жеткілікті мөлшерде болу керек.
Жоғарыда айтылғандай, күл ауруын болдырмаудың негізгі жолы вакцинация болып табылады. Егерде аурудың белгілері бар болса, дер кезінде дәрігерге қаралыңыз, қауіпті жұқпаны өз бетімен жібермеңіз.
Спикер: Қалықова Әсел Тоқанқызы
Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары (эпидемиологиялық сұрақтар бойынша).
Главный редактор: Мадина Жатканбаева
+7 777 471 71 40
777kakon@mail.ru
© Свидетельство о постановке на учет периодического печатного издания, информационного агентства и сетевого издания №KZ15VPY00079493 выдано 19.10.2023