БҚО-да екі ғасырға жуық тарихы бар ауылда мәдениет үйі ашылды

Бөкей ордасы ауданы Хан ордасы ауылында мәдениет үйі күрделі жөндеуден кейін қайта ашылды.

Тарихи ауылдағы еңселі ғимараттардың бірі – мәдениет үйінің ашылу рәсіміне қатысқан аудан әкімі Нұрлыбек Даумов Нарын өңірінде күй атасы Құрманғазыдан бастап Дәулеткерей, Сейтек, Махамбет, Науша Бөкейхановтар, Шамғон Қажығалиев, Тұяқберді Шәмелов жалғастырған өнер дәстүрінің жойылмай келе жатқанын атап өтті.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде мәдениет саласына да елеулі көңіл бөлініп келеді. Бірқатар бағдарламалар қолға алынып, жаңадан мәдениет нысандарының бой көтеріп, сала қызметкерлерінің жалақысы өсуі – соның айғағы. Биыл Хан ордасы музей-қорығында визит орталығы мен әкімшілік ғимараты пайдалануға берілді. Жыл соңына таман көршілес Бисен ауылында 300 орындық заманауи мәдениет үйі іске қосылмақшы. Сол секілді алдағы жылы Ұялы ауылында мәдени-спорттық кешен салынады. Осының бәрі мәдениет саласы қызметкерлерінің, әсіресе, жастардың қызметіне тың серпін береді деп сенеміз», – деді Н.Даумов.

БҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сайран Дүйсенов «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында қолға алынған мәдениет үйінің күрделі жөнделуіне облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің қолдауымен қосымша қаржы бөлінгенін жеткізді.

«1801 жылы Бөкей сұлтан бастап Еділ-Жайық аралығына қоныстанған елдің орталығы болып есептелетін тарихи Хан ордасы ауылы соңғы жылдары көркейіп келеді. Музейдің визит орталығы мен әкімшілік ғимаратына қоса Алма Оразбаева мен Сейтқали Меңдешевтің үйлері қалпына келтірілді. Аурухана қайтадан салынуда. Тағы бір атап өтетін жайт, аймақ басшысының қолдауымен алдағы жылы бес бірдей архив ғимараты салынбақшы. Міне, соның алғашқысы осы Бөкей ордасы ауданында бой көтермекші. Жалпы, алдағы үш жылда өңірдегі архив ғимараттарын түгелдей жаңарту көзделуде», – деді С.Дүйсенов.

Дереккөз: kaz.inform.kz

10
Контакты

Главный редактор: Мадина Жатканбаева

+7 777 471 71 40

777kakon@mail.ru

Мы в социальных сетях

© Свидетельство о постановке на учет периодического печатного издания, информационного агентства и сетевого издания №KZ15VPY00079493 выдано 19.10.2023