Бүгін Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев «Әділетті Қазақстан -Адал азамат» атты жас мамандармен кездесу жиынында республикамызда алғаш рет өңірімізде іске қосылғалы тұрған «Қаладан ауылға» пилоттық жобасымен таныстырды, деп хабарлайды облыс әкімдігі.
Президенттің тапсырмасы аясында өткен жылы елімізде ауылдық аймақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған Тұжырымдамасы қабылданды. Осының аясында БҚО-да халықты қаладан ауылдық жерлерге көшіру бойынша пилоттық жоба іске асырылады. Бұл туған жерге туымызды тігу үшін, қара шаңырақтың түтінін қайта жаңғырту, ауылдарымызды иесіз қалдырмау және жаңғырту үшін басталып жатқан жоба.
«Біз ауылға көшіп барамын деген азаматтарға өз тарапымыздан мемлекеттік бағдарламаларды пайдалана отырып және жергілікті бюджеттің мүмкіндіктерін ескере отырып барынша қолдау білдіреміз. Өткен жылы ауылдық жерлерге барған дәрігерлерге 2,5 млн теңгеден 5 млн теңгеге дейін қаржылай көмек көрсетілді. Биылғы жылы бұл қаражаттың көлемін 5 млн теңгеден 8 млн теңгеге дейін көбейтуді жоспарлап отырмыз. Соңғы 3 жылда ауылдық жерлерге 3 616 адам қоныс аударған», – деді Нариман Төреғалиев.
Қаладан ауылға қоныс аударған жастардың бірі Эльвира Аманова шара барысында мемлекеттік қолдаудың маңыздылығын атап өтті.
«Отау құрғалы 10 жыл бойы жолдасымыз екеуіміз пәтер жалдап тұрдық. Ендігі кезекте отбасымызбен Бәйтерек ауданының Чиров ауылына қоныс аудардық. Осы пилоттық жоба аясында өз ісімізді бастамақ ниеттеміз. Осындай жоба әлеуметтік жағдайын түзей алмай жүрген талай жандарға туған жеріне, ауылына барып, тек қана жағдайын ғана түзеп қана қоймай, еліміздің өркендеуіне де өз үлесін қосар еді», - деді Эльвира Оралбекқызы.(Дереккөз:ortcom)
Жиын барысында облыс әкімі жастарға арналған тұрғын үй бағдарламасын іске асыру мақсатында «Отбасы банк» АҚ БҚО филиалы басшысымен арнайы меморандумға қол қойды. Бұл меморандум нәтижесінде «Отбасы банкпен» бірлесе 35 жасқа дейінгі жастарға жеңілдетілген несие берілмек. Осы орайда, БҚО-да тұрғын үй алуға 600 млн теңге көлемінде қаражат бөлініп, жас отбасыларды баспанамен қамту жоспарланып отыр.
Главный редактор: Мадина Жатканбаева
+7 777 471 71 40
777kakon@mail.ru
© Свидетельство о постановке на учет периодического печатного издания, информационного агентства и сетевого издания №KZ15VPY00079493 выдано 19.10.2023