Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Қырғыз Республикасына жасаған ресми сапары аясында «Стратегиялық әріптестікті дамытудағы өңірлердің рөлі» атты Қазақстан мен Қырғызстанның ІІ өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысты. Сондай-ақ Бішкек қаласында Қазақстан-Қырғызстан үкіметаралық кеңесінің 14-ші отырысы өтеді.
Іс-шараға Қырғыз Республикасы Министрлер кабинетінің төрағасы – Президент Әкімшілігінің басшысы Адылбек Касымалиев, Қазақстанның Алматы, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Жетісу облыстарының, Алматы және Түркістан қалаларының, сондай-ақ Қырғызстанның Ыстықкөл, Шу, Талас, Ош, Жалал-Абад және Нарын облыстарының басшылары, мемлекеттік органдар мен іскерлік орта өкілдері қатысты.
«Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың басшылығымен біз барлық елдермен ашықтыққа және сындарлы әріптестікке негізделген Әділетті әрі Озық Қазақстанды дәйекті түрде құрып жатырмыз. Мұндай ұстаным экономиканы нығайту, инвестициялық тартымдылықты арттыру, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту және бизнес үшін барынша қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Біз бауырлас Қырғызстанмен одақтастық қатынастарды жан-жақты дамытуға айрықша мән береміз», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Форум барысында өңірлер арасындағы тікелей байланысты нығайту, сауда-экономикалық, инвестициялық, өнеркәсіптік, көлік-логистика және туризм салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері қаралды. Жиында қалалар мен өңірлер арасындағы бауырластық байланыстарды дамыту, ынтымақтастықты кеңейту және жаңа әріптестік қатынастарды қалыптастыру мәселелеріне ерекше мән берілді.
«Біздің екіжақты ынтымақтастығымыз түбегейлі жаңа деңгейге шықты. Біз екіжақты өзара іс-қимылды нығайтудың маңызды тетігіне айналатын екінші өңіраралық форумды өткізуге ерекше мән береміз. Қырғызстанның Шу, Талас және Ыстықкөл облыстары Қазақстанның Алматы және Жамбыл облыстарымен дәстүрлі тығыз байланыста. Сонымен қатар, біздің өңіраралық ынтымақтастығымыз шекаралас облыстармен шектелмейді. Қалаларымыз бен облыстарымыздың арасында тікелей байланыстар орнатылған», — деді Адылбек Касымалиев.
Главный редактор: Мадина Жатканбаева
+7 777 471 71 40
777kakon@mail.ru
© Свидетельство о постановке на учет периодического печатного издания, информационного агентства и сетевого издания №KZ15VPY00079493 выдано 19.10.2023