Қазақстан БҰҰ Комитетіне балалардың құқықтарын қорғау саласындағы жүйелі реформаларды таныстырды

Женевада БҰҰ-ның Бала құқықтары жөніндегі комитетінің 101-сессиясында Қазақстан Республикасының Бала құқықтары туралы БҰҰ конвенциясының ережелерін орындауы жөніндегі біріктірілген бесінші және алтыншы мерзімді баяндамалары қаралды, деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігі.

Қазақстанның ведомствоаралық делегациясын оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова басқарды. Делегация құрамына Бас прокуратураның, Сот әкімшілігінің, Сыртқы істер министрлігінің, Ішкі істер министрлігінің, Денсаулық сақтау министрлігінің, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, сондай-ақ Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері кірді.

БҰҰ-ның Бала құқықтары жөніндегі комитетінің мүшелерімен диалог барысында делегация балалардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз етудің ұлттық жүйесін одан әрі нығайтуға бағытталған негізгі заңнамалық және институционалдық өзгерістер туралы ақпарат берді.

Қазақстанда 7 млн-ға жуық бала тұрады, бұл ел халқының шамамен 34%-ын құрайды. Балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі. Осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі жаңа Конституцияда отбасы мен баланы қорғау кепілдіктерінің күшейтілуі болды.

Қауіпсіздік, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қолдау салаларындағы шараларды біріктірген 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын іске асыруға ерекше назар аударылды.

Қазақстан тарапы балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу, буллинг пен кибербуллингке қарсы іс-қимыл, психологиялық көмекті және мемлекеттік «111» байланыс орталығын дамыту шараларын таныстырды. Жетім балаларды отбасыларға орналастыру, инклюзивті білім беру, балалар денсаулығын сақтау, балалардың шешім қабылдауға қатысуы және олардың цифрлық ортадағы құқықтарын қорғау мәселелері қаралды. Қазіргі уақытта жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың 82%-ы отбасыларда тәрбиеленуде.

«Біз үшін тиімділіктің басты өлшемі – әрбір баланың жағдайының нақты жақсаруы. Қазақстан мазмұнды диалогқа және балалардың құқықтарын қорғаудың ұлттық жүйесін одан әрі дамытуға ашық», – деді Жұлдыз Сүлейменова.

23
Контакты

Главный редактор: Мадина Жатканбаева

+7 777 471 71 40

777kakon@mail.ru

Мы в социальных сетях

© Свидетельство о постановке на учет периодического печатного издания, информационного агентства и сетевого издания №KZ15VPY00079493 выдано 19.10.2023