Қазақстан Президенті осы уақытқа дейін өткен Консультативтік кездесулердің нәтижесі аймақтық ынтымақтастыққа жүйелі, жан-жақты әрі, ең бастысы, сенімді сипат беріп, бұрын-соңды болмаған деңгейге шығарғанын айтты.
– Бірлескен күш-жігердің арқасында жылдар бойы қордаланған мәселелер шешіліп жатыр. Аймақтың тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін кешенді шаралар қабылдануда. Шекара, сумен қамтамасыз ету, миграция мәселелері жоспарлы түрде реттеліп, өзара саудадағы көптеген кедергілер жойылды. Шекарадағы өткізу пункттері жаңғыртылып жатыр. Көлік қатынасының мүмкіндіктері кеңейіп, жаңа бағыттар ашылуда. Сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастық қарқынды дамып келеді, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, мәдени-гуманитарлық байланыс мазмұндық тұрғыдан толықтырылуда. Мемлекет басшысы мәдениет күндері, қолөнер шеберлерінің көрмесі, ұлттық тағам фестивальдері, жастар форумдары мен басқа да іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп келе жатқанына назар аударды.
– Өткен жылдар ішінде Консультативтік кездесулер аймақтың халықаралық субъектілігі мен бірлігін танытатын, сондай-ақ қазіргі сын-қатерлерге төтеп беруге дайындығын көрсететін тиімді алаңға айналғанын сенімді түрде айта аламын. Орталық Азия қашанда бірегей өркениеттер тоғысқан аймақ болған. Оның жалпы әлемдік прогресте атқаратын рөлі зор. Бүгінде ортақ тарихымыз бен халықтарымыздың дүниетанымының ұқсастығына арқа сүйеп, Орталық Азияның жаңа келбетін қалыптастырамыз. Оны келешекке ұмтылатын әрі мол мүмкіндіктер мекені ретінде танытамыз. Бұл саммит осы жолдағы маңызды белеске айналатынына сенімдімін, – деді Президент.
Главный редактор: Мадина Жатканбаева
+7 777 471 71 40
777kakon@mail.ru
© Свидетельство о постановке на учет периодического печатного издания, информационного агентства и сетевого издания №KZ15VPY00079493 выдано 19.10.2023