Алматыда Ауғанстаннан әскерлердің шығарылғанына 35 жыл толуы қалай атап өтіледі

15 ақпанда Алматыда Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 35 жыл толады. Бұл күн еліміздің мерекелік күндерінің тізіміне енгізілген. Осы атаулы күнге орай қандай іс-шаралар өткізуді жоспарлап отырғаны туралы Алматы ӨКҚ брифингінде ардагерлер ұйымдарының белсенділері айтып берді.

Ауғанстандағы соғыс ардагерлері мен мүгедектерін үйлестіру кеңесінің төрағасы Мұрат Әбдішүкіров 22 296 қазақстандық сол соғысқа қатысқанын, 929 адам қаза тапқанын, 19 адам хабар-ошарсыз кетсе, мыңдаған адам мүгедек болып оралғанын атап өтті. Бес қазақстандыққа Кеңес Одағының Батыры, біреуіне Халық Қаһарманы атағы берілсе, Айбын орденіне екі адам иегер болса, жүздеген ардагер бұрынғы КСРО мен Қазақстан Республикасының ордендерімен және медальдарымен марапатталды.

«Мұның бәрі бізге сол соғыс туралы, жерлестеріміздің ерлігін ұмытуға құқық бермейді. Өз батырларын құрметтейтін және мақтан тұтатын халық - ұлы халық», - деді М.Әбдішүкіров.

Атаулы күннің мерейтойы қарсаңында Алматыда бірқатар іс-шаралар жоспарланған. Қаланың барлық аудандарында интернационалист жауынгерлер құрметке ие болады.

Салтанатты іс-шаралар Алматыда 15 ақпанда 28 панфиловшы-гвардияшылар саябағында сағат 11:00-де өтеді. Іс-шара аясында Даңқ Мемориалының жанындағы Мәңгілік алауға және Ауғанстанда қаза тапқан интернационалист жауынгерлерге арналған ескерткішке әскери құрметпен гүл шоқтарын қою рәсімі өтеді. Сондай-ақ, әскери қоян-қолтық ұрыс шеберлерінің көрме қойылымдары мен әскери-патриоттық ән концерті өтеді. Сағат 15: 00-де «Алатау» сарайында Ауған әскери әні мен әскери-патриоттық ән концерті өтеді. 14 ақпанда ҚР Орталық мемлекеттік музейінде мерейтойлық күнге арналған көрме ашылады.

Оның сөзіне «Көк байрақ» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әуез Бейсенбаев қосылды. Ол барлық өткізілетін іс-шаралар жас ұрпаққа оларды тарихпен таныстыру үшін қажет екенін атап өтті. Сонымен қатар, Алматы қаласының барлық оқу орындарында жастардың бойында патриотизм сезімін ояту мақсатында «ерлік сабақтары» өткізіледі.

«Ауғанстаннан әскерлердің шығарылғанына 35 жыл толуына орай қала әкімдігінің қолдауымен бірқатар іс-шаралар өткізілетін болады. «Алатау» дәстүрлі өнер театрында мерекелік концерт, автошеру, спорттық іс - шаралар ұйымдастырылады», - деп атап өтті Ә.Бейсенбаев.

Алматы тұрғындары аталған іс-шараларға қатысуға шақырылады.

15
Контакты

Главный редактор: Мадина Жатканбаева

+7 777 471 71 40

777kakon@mail.ru

Мы в социальных сетях

© Свидетельство о постановке на учет периодического печатного издания, информационного агентства и сетевого издания №KZ15VPY00079493 выдано 19.10.2023