Айбек Дәдебай Құрылтайдың төрағасы болып ресми сайланды

Қазақстан Республикасы Құрылтайының жаңа Төрағасы өз сөзінде Мемлекет басшысының сенімін ақтау, Құрылтай жұмысының тиімділігін арттыру және қоғамдық диалогты дамыту негізгі басымдықтардың қатарында болатынын атап өтті.

Құрылтайдың отырысында оның жаңа Төрағасы қызметіне ұсынылған кандидатура қолдау тауып, жаңа басшылықтың алдағы жұмыс бағыттары айқындалды. Өз сөзінде Төраға көрсетілген сенім үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа және депутаттарға алғысын білдірді.

Жаңа қызметті үлкен мәртебе әрі тарихи жауапкершілік деп бағалаған Төраға алдағы кезеңде Құрылтай алдында маңызды міндеттер тұрғанын атап өтті. Оның айтуынша, елде жүзеге асырылып жатқан реформалардың ауқымы қабылданатын шешімдерден кәсібилікті, байыптылықты және жоғары жауапкершілікті талап етеді.

Әрбір заң мен мемлекеттік шешімнің түпкі мақсаты елдің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге, мемлекеттілікті нығайтуға және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталуы тиіс. Бұл ретте жаңа Конституцияда бекітілген құндылықтар мен қағидаттар қоғамдық және мемлекеттік дамудың негізгі бағдарларының бірі болмақ.

Төраға Құрылтайдың басты міндеттерінің бірі оң өзгерістердің нақты нәтижесін азаматтардың күнделікті өмірінен көрсету екенін айтты. Бұл ретте заң мен тәртіпті нығайту, қоғам мен мемлекет арасындағы өзара сенімді арттыру және Әділетті Қазақстан құру бағытындағы жұмыстарды жалғастыруға басымдық берілмек.

Құрылтайға жүктелген жауапкершіліктің жоғары екенін атап өткен Төраға депутаттардың халықтың сенім мандатына ие болғанын ерекше атап өтті. Осы сенім алдағы жұмыстың негізгі бағдары әрі қабылданатын шешімдердің нәтижелілігін айқындайтын басты өлшем болуы тиіс.

Сонымен қатар Құрылтайдың қоғамдық пікір мен мемлекеттік саясат арасындағы тиімді диалог алаңына айналу қажеттігі айтылды. Жиында аталған орган елдің жаңғыруына серпін беріп, қоғамдағы сындарлы пікір алмасуға мүмкіндік жасауы және қазіргі заманның жаңа сын-қатерлеріне жауап беруге ықпал етуі керектігі атап өтілді.

Алдағы міндеттерді жүзеге асыру үшін депутаттардың бірлесе әрі үйлесімді жұмыс істеуі маңызды. Төраға Құрылтай мүшелерін ортақ мақсат жолында күш-жігерді біріктіріп, халық алдындағы жауапкершілікті жоғары деңгейде атқаруға шақырды.

Фото: Ақорда

38
Контакты

Главный редактор: Мадина Жатканбаева

+7 777 471 71 40

777kakon@mail.ru

Мы в социальных сетях

© Свидетельство о постановке на учет периодического печатного издания, информационного агентства и сетевого издания №KZ15VPY00079493 выдано 19.10.2023